Журналистер арасындағы "ПАРАСАТ" байқауына өтінімдер қабылдау басталды
Журналистер күніне орай Парламент Сенаты өткізетін дәстүрлі «Парасат» байқауына өтінімдер қабылдау басталды.
Осыған байланысты Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың маңызын, Палатаның заң шығару қызметін және сенаторлар көтерген өзекті мәселелерді жұртшылыққа жеткізіп жүрген журналистер мен шығармашылық ұжымдарды байқауға қатысуға шақырамыз.
Өтінімдер 10 маусымға дейін қабылданады.
Әдеттегідей, үздіктер телевизия, радио, баспасөз, интернет-басылым және әлеуметтік желі бағыттары бойынша анықталады. Сондай-ақ еліміздегі жүйелі жаңғыру үдерісі зерделенген озық талдамалық жұмысқа жылдың арнаулы сыйлығы беріледі.
Жеңімпаздарды анықтау үшін арнайы конкурстық комиссия құрылды. Оның құрамында ұлттық журналистикада үлкен із қалдырған қаламгер сенаторлар – Нұртөре Жүсіп, Дархан Қыдырәлі, Бибігүл Жексенбай, Айгүл Қапбарова және тағы басқа әріптестер бар.
Дәстүрге сай байқау бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында қорытындыланады.
Байқау шарттары туралы толық ақпаратты Сенаттың @senate_kz ресми сайтынан біле аласыздар.